"Жаңақорған" шипажайы (Қызыл-орда облысы)

Жаңақорған шипажайы

 

Жаңақорған шипажайы — Қазақстандағы бальнеологиялық шипажайлардың бірі. Қазақстан темір жолыбойында, Қызылорда қаласынан 170 км, Теріскен көлінің жағасында, Жаңақорған кентінің жанында, теңіз бетінен 170 м биіктікте орналасқан. Шипалы балшығы мен тұзды суы ертеден белгілі болғанымен, санаторий болып тек 1918 жылдан бастап ашылған. Мұнда көбіне қол-аяқ, омыртқа буындарының сырқаттарын және гинекологиялық ауруларын емдейді. Негізгі емі: Теріскен көлінің шипалы балшығы, тұзды суы. Сондай-ақ, жақсы жабдықталған физиотерапия кабинеттері бар.

Шипажай туралы мәлімет.

Шипажай жыл бойы жұмыс істейді. 393 орынға арналған 7 корпусы, 260 адамдық асхана бар. Шипажайдағы демалушыларға арналған орындар – жай орын, люкс, «особняк» деп бөлінеді.

Шипажайда қосымша мынадай физиотерапиялық емдеулер қолданылады: ультрадыбысэлектрофорез, УВЧ, амилипульс, солюкс, УФО, лазер терапиясы, үгудің алуан түрі. Емдік медицинаның соңғы үлгідегі диагностикалық аппараттары мен УЗИ, ФГДС, ЭКГ зерттеу жолға қойылған.

Шипажайда емдейтін сырқаттар.

  1. Сүйек-буын аурулары: полиартрит, артрит, артрозоартрит, остеохондроз, ревматроидты полиартрит, бруцеллезді полиартрит.
  2. Перифериялық нерв жүйелерінің аурулары: неврит, полиневрит, радикулит, полирадикулоневрит, омыртқа жұлын жарақаттарының зардаптары, грыжа Шморля.
  3. Гинекологиялық аурулар: созылмалы аднексит, сальпингоофорит, бірінші және екінші бедеулік.
  4. Урологиялық аурулар: созылмалы простатит, ерлер ұрықсыздығы, ерлер белсіздігі.
  5. Асқазан, бауыр, ішек, өт жолдары аурулары: созылмалы гастриттің барлық түрі, колит, дуоденит, гепатит, холесистит, өт жолдарының дискенезиясы, созылмалы пиелонефрит, семіздік, подагра.
  6. Стоматологиялық сырқаттар: парадонтоз, стоматит, гингивит.

Емдік факторлар.

Курорттағы өте құнды, табиғи және ғасырлар бойы табиғаттың өзі жасап шығарған емдік факторлар:

  1. Теріскен көлінің көптеген химиялық элементтері бар пайдалы ерітінді тұзды суы;
  2. Табиғи лабораториядан өткен тұзды балшық, лай және батпақтары;
  3. Бұл тұзды ерітінділер мен балшық-батпақтардың белгілі ыстықтықпен шектеліп адам денесінің барлық түкпір-түкпіріне берілуі және керекті жағдайда қазіргі электр тоғының әсерімен ауырған жерге енгізілуі;
  4. Минералды ауыз суымен асқазанды, жіңішке, жуан ішектерді, бауыр және өт жолдарын шайып, жуу әсері;
  5. Курорттық климаттық фактор: бұл жерде ауа-райының бір жыл ішінде 7-8 айдай бірқалыпты ыстық болып адамды терлетіп, су айдағыш қабілеті денеден тер арқылы барлық керексіз улы заттарды айдап шығаруы; бұл табиғи жағдай бүйректің жұмысын жеңілдетіп, оларды демалдырып, қабынған тіндердің қалыпты жағдайына келуіне әсер етеді.