Компания тарихы

TEK_3544

 

        

       «Кен-Құрылыс-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізгі саласы Өзен кенорнын жайластыру  болып табылатын  «Мангышлакнефть» Мұнай-Газ Өндіру Басқармасы жанынан  1968 жылы құрылыс-монтаждау бөлімшесінен бастау алып,  ірге - тасы 1970 жылы қаланған МұнайГазӨндіруБасқармасына қарасты «Құрылыс Құрастыру Басқармасы» (СМУ НГДУ «Мангышлакнефть») өндірістік бірлестігі болып құрылған.

         1998 жылдың тамыз айында «Өзенмұнайгаз»  ААҚ –ның  «Өзенмұнайқұрылыс» (УНС) басқармасының құрылымын өзгерткеннен кейін,  «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның  еншілес  мекемесі «КенҚұрылысСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде қайта құрылды. Тарихын тереңнен тартқан мекеменің бүгінде еліміздің экономикасын дамыту жолында қосқан өзіндік үлесі мол, 50 жылға жуық мерзім ішінде Жаңаөзен қаласымен бірге біте қайнасып, алға қарай қарыштап даму үстінде.

      Бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз»  Ұлттық Компаниясы  Акционерлік Қоғамы  Серіктестіктің Тұтас 100 % үлеспен Құрылтайшысы болып табылады.

Серіктестік жыл сайынғы жасалып жатқан жұмыс көлемін дер кезінде, үлкен абыроймен сапалы атқарып келеді.

     Өзен мұнайын игеруде «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС-нің атқарып келе жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Себебі, «ӨзенМұнайГаз» АҚ өндіретін мұнайдың  игерілуі   Серіктестіктің өндіріс жұмыстарына тікелей байланысты. Мекеме құрылған уақыттан бастап өзінің өндірістік қызметін «Өзен», «Қарамандыбас» кенорындарында төмендегідей жұмыс  түрлерін жүргізіп келеді:

  • Бұрғылаудан шыққан мұнай, су  ұңғыларын жайластыру;
  • «Су қорынан мұнай қорына және бақылау қорынан, қозғалыссыз қордан шыққан ұңғымаларды оңалту;
  • Станок—качалкаларды жаңарту (құрастыру және қайта құрастыру);
  • Мұнай-газ және су құбырларының құрылысы және  күрделі жөндеу  жұмыстары;
  • Электр жүйелері, байланыс желісі мен телемеханика құрылыстары;
  • Мұнай және газ өндірісінің технологиялық  жабдықтарын құрастыру;
  • Жалпықұрылыс жұмыстарын жүргізу (имараттар мен ғимараттардың құрылысы, әрлеу жұмыстары);
  • Қазандықтарды  құрастыру жұмыстары.

Серіктестіктің ұзақ жылдық қызметінде тікелей немесе қатысуымен жасалған өндірістік және әлеуметтік жұмыстарды мақтанышпен атап өтуге болады:

  • 1998 жылдан бері (Серіктестік құрылғаннан бастап)  құбырларды құрастыру жұмыстары бойынша 4800 км, 4150 данадан  астам станок-качалкалар, тағы да басқа жүздеген өндірістік нысандар салынды;
  • 1985-1986 жылдары Фетисов мүйісі аумағында  240 орындық пионер лагері салынды;
  • Қалалық сот, ішкі істер бөлімі, қалалық прокуратура ғимараттары;
  • 1997 ж. Жаңаөзен қаласының МУД-720 су тазарту ғимаратының («Деграмон» француздық фирмасының) құрылысына қатысты, ол нысан бүгінде  қала халқын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.
  • 2000-2002 жылдары «Кендірлі» демалыс аймағының құрылысын салып, Жаңаөзен және облыс  халқының салауатты өмір салтын ұстанып теңіз аймағында  демалыс күндерін өткізуіне атсалысты.
  • 2000 жылдан бастап «Бекет Ата», «Шопан Ата» қорымдарында, «Отпан тау» тарихи кешендерінің құрылыстары мен жөндеу жұмыстарына атсалысты.

Серіктестік  «Өзен» кенорнынан тыс жерлерде, тіпті облыс көлемінен тыс жерлерде де, атап айтар болсақ, 2003-2004 ж.ж. ұтып алған тендер бойынша Ақтөбе облысының «Алибек мола» кенорнында су тарату пунктін құрастырып (ВРП), жоғары қысымды су құбыры құрылысын жүргізіп, вахталық әдіспен жұмыс жүргізудің тәжірибесін игерді. Қазіргі таңда Атырау облысы  «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамының өндірістік нысандарының Жайық, Прорва, Доссор, Кенбай, Қайнар кенорындарында вахталық  әдіспен жұмыс  жасауда.

Серіктестік құрамында төмендегідей басқармалар бар:

  1. Кешенді   құрылыс бригадалары бар өндірістік   құрылыс учаскелері қалыптасып, технологиялық құбырлардың, станок-качалкалардың  құрылысы,   электр жүйелері мен байланыс   кабельдерін төсеу жұмыстарын жүргізу  және күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысатын Жаңаөзен Құрылыс Құрастыру Басқармасы;
  2. Кәсіпорынның өзін және еншілес мекемелерді автокөлікпен және арнайы техникамен қамтамасыз ету үшін Автокөлік және Арнайы Техникалар Басқармасы құрылған. Басқармада қойма, гараж, механикалық-жөндеу шеберханасы, жөндеу бокстары, әкімшілік ғимараты орналасқан, қазіргі таңда  87 автотехника әр түрлі қызмет көрсетеді;
  3. Кенорындарға баратын автокөлік  жолдарын салу және жалпы құрылыс жұмыстарымен айналысатын Жол Құрылыс Басқармасы. Құрылыс Индустриясы Базасы негізінде Асфальт және бетон даярлау заводы, қиыршық тас қондырғысы іске қосылды. «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның  өндірістік нысандарында жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін тұрмыстық-шаруашылық кешендер құрылысы жүргізілді.         
  4. Атырау облысы филиалының негізгі қызметі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамына қарасты «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының кен орындарында сұйықтықты жинау және тасымалдау жүйесін қайта салу және ұңғыларды жайластыру бойынша құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізу  болып табылады. «Кен-Құрылыс-Сервис» серіктестігінің Атырау облысы филиалында 4 құрылыс-құрастыру және жол жұмыстары бөлімшелері бар.                                      
           

Серіктестіктің еңбек ресурсы:  12.07.2018 ж. – 576  адам есепте. Өндірістік қажеттілікке байланысты, белгілі бір жұмыс көлемін орындау уақыттарына қажетті мамандар маусымдық жұмысқа тартылады.

            Жыл сайын құрылысшылардың төл мерекесіне орай, таңдаулы мамандарды анықтайтын «Үздік маман»  сайысы өткізіліп тұрады. Мекемеде ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, өндіріс жұмысының өркендеуіне ерен үлес қосып келе жатқан қызметкерлеріміз бар. Олар -  Өскінбаев Жанғабай, Туреханов Амандық, Мыңбаева Ырысжан, Түркешев Байназар, Құлболғанов Серік, Садыков Сәбит, Жұмадиев Әнет, Мухамбетов Әзизбек, Жалғасбаев Жұмалы, Бекмағамбетов Бесінбай,   Рейімбаев Пайзулла,  Нұрғалиева Зәмзия, Қылышбаев Бердеш,   Сарыбаев Көбей, Блахаева Тәрбия, Тлеубергенов Назарбай, Тулебеков Боранбай, Әсенов Жұмағали, Алдабергенов Құрмет, Рзаева Қалампыр және тағы да басқа апа-ағаларымыз талмай еңбек етудің озық үлгісін көрсетіп, кейінгі буын әріптестеріне өнеге болып  келеді.

     Өткеніміз тағлымы мол тарих, осы ретте  табиғаттың қатал сынына төтеп беріп, елсіз аймақтан сәулетті қала салынуына және өндіріс орындарының ашылуына сіңірген еңбектері өлшеусіз  болған еңбек ардагерлері: ұзақ жылдар мекеменің басшы қызметінде болған   Сапаров Көшербай, Борсанов  Нұрберген, Квитко Владимир Павлович, Бисекенов Мейрамғали, Қанағатов Дүйсенғали, Ұзақбаев Көшербай, Биманов Мейрамбек, Исабергенов Жылқыбек ағаларымыз. Барын бағалай білген, ертеңіне үмітпен қараған ұрпаққа өткенін қадірлеу парыз. Құм дауылдың өтінде, қақаған қыстың бораны мен сары шілденің ми қайнатар ыстығында жүріп, жапан даладан осы заманғы өндіріс кешенін тұрғызып, жаңа қала салған жаны-жалын, жігері-болат жандарды қазыналы түбектің тектілері десе де болады. Құрылысшы қызметін атқарған  азаматтарды халқымыз, еліміз қастерлейді де қадір тұтады. Есімі ел жадында жатталып қалған аға-апаларымыз  Тасмағамбетов Махмут, Жүзбаев Қуаныш, Бүркіталиев Жұмабек, Ашиков Ильяс, Түйебаев Амантай, Беріктиев Қосуақ,  Толыбаев Рахман, Сәбиев Жұмабай,  Сабирова Сақыш, Сауленова Жамал  және т.б.  бүгінде  құрметті  еңбек демалысында  зейнет рахатын көріп отыр.